Басқосуға қатысушылар дөңгелек үстел басында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуын, рухани мұраны танымал ету мәселелерін талқылады. Қарағандылықтар ұлттық кітапханаға «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен шыққан 100 томдықты, Ә.Бөкейханның шығармалар жинағының 15 томдығын және «Қаздауысты Қазыбек би» басылымының екі томдығын сыйлады.
Кездесуде Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев болды. Сонымен қатар ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ «Сарыарқа кітапханасы» антологиясына еңбектері енген авторлар қатысты.
– Елбасының бастамасымен бастау алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамдың сананы жаңғырту, рухани жанданудың платформасы болып табылады. Бізге ең алдымен жастарды тәрбиелеу жүйесін анықтап алу қажет. Бұл ретте ұлы қазақ ағартушылары мен қайраткерлерінің еңбектеріне баға жетпес. Олардың қатарында Қазыбек би, Әлихан Бөкейхан бар, – деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов. – Біз Сарыарқа жерінде дүниеге келген тарихи тұлғалардың есімдерін құрметтейміз.
Аймақ басшысы Қарағанды облысында ғұлама Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы кеңінен атап өтіліп жатқанын тілге тиек етті. Салтанатты шаралар оның туған жерінде – Қарқаралы ауданындағы Егіндібұлақ кентінде өтті.
– Бұл мерекеге біз басқа аймақтардан қонақтарды шақырдық. Мерейтойға орай барлық тарихи орындарды аралап шығатын автокеруен ұйымдастырылды. Халықаралық автошеруге қатысушылар ежелгі қала Түркістанда болып, онда Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінде жерленген Қазыбек бидің орнын көріп қайтты. Айта кететіні, бұл акция жастардың бастамасымен ұйымдастырылды, – деді Ерлан Қошанов.
Аймақ басшысы Ұлттық академиялық кітапхананың басшылығына кітаптар табыс етті.
«Сарыарқа кітапханасы» бірегей сериясы Қарағанды облыстық әкімдігінің қолдауымен «Рухани мұра» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде басып шығарылған. Антологияның ішінде 352 автордың туындылары – Бұқар жырау, Қаздауысты Қазыбек биден бастап қазіргі заманғы жазушылардың шығармалары бар. Әрбір том 800 дана көлемінде басылып шығарылған.
15 томнан құралған Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағы да баға жетпес құнды қазына. Осыған дейін 9 том жарияланған болатын. Өткен жылы ұлы қазақ тұлғасы және публицистің 150 жылдық мерейтойына орай жаңа жинақ басылды.
«Қаздауысты Қазыбек би» екі томдығы 2017 жылы мерейтой қарсаңында басылып шығарылды. Бірінші томға мерзімдік басылымдар, мұрағат құжаттары, ғылыми-зерттеу жұмыстарынан материалдар енгізілді. Ал екінші томға тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың Қазыбек би туралы монографиясы енген.
– Біздің кітап қорымыз рухани мұра топтамасының бағалы басылымдарымен толықты. Бұл Сарыарқа мәдениеті мен тарихын кеңге жаю үшін ауқымды мүмкіндік береді, – деп баға берді сыйға Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева. – Бұл сыйлық бізге жастармен жұмыс істеуге, оларды рухани және тарихи мұраға баулуда үлкен септігін тигізері анық.
Алғыс ретінде Ерлан Қошановқа Ұлттық академиялық кітапхананың оқырман билеті табыс етілді.
Кездесу барысында «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде Қарағанды облысында киелі жерлерге экспедиция жасап, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлерінің съезін ұйымдастыру ұсынылды. Аймақ басшысына бұл ой ұнады. Ол осы мәселені көп кешіктірмей шешуге уәде берді.
Кездесуге қатысушылар Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрмесінің өткізілуін де назардан тыс қалдырған жоқ.
– Басында ЭКСПО идеясын түсінбегендер көп болды. Қазір қорытынды жасап жатырмыз, ол қазақстандықтар үшін де, басқа халықтар үшін де қуатты ауызбіршілік рөлін атқарды, – деп есептейді академик, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім. – Көптеген ел қатысты, өздерінің павильондарында олар барлық жақсыларын көрсетті.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы
Суреттерді түсірген Дмитрий Кузьмичев